Қостанай облысында ер адам әйелінің экс-күйеуін бопсалап, 3 млн теңге талап еткен

Автор: Асыл Арман

Қостанай облысында ер адам танысынан 3 миллион теңгеге жуық ақша бопсалаған

Фото: Қостанай облысы ПД

Қостанай облысының Федоров ауданында 30 жастағы ер адам танысынан ірі көлемде ақша талап еткен. Қазір ол «Бопсалау» бабымен тергеуге алынды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Жанжалдың астарында отбасылық жағдай бар

Тергеу деректеріне сәйкес, жәбірленушінің бұрынғы әйелі қазір күдіктінің жары болып отыр. Ал 11 жастағы ұлы өгей әкесімен бірге тұрады. Осыны пайдаланған күдікті түрлі сылтаулармен ақша талап еткен.

Қалай ақша алған?

Шілде айында ол жәбірленушіні жол-көлік оқиғасына кінәлісің деп айыптап, 750 мың теңге алған. Кейін баласын полиция ұстады деген сылтаумен тағы 650 мың теңге талап еткен. Бұдан соң ер адам 1,5 миллион теңге әкелуді талап етіп, қоңыраулар шалып, жәбірленушіні бірнеше рет қалаға шақырған.

Тергеу жалғасуда

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, іс бойынша барлық мән-жай тексеріліп жатыр.