Қазақстандықтарға мүлік салығын төлеудің соңғы күні туралы ескертілді
Мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 1 қазан 2025 жыл

Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылға арналған жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 қазанда аяқталатынын хабарлады. Уақытылы төлемегендерге айыппұл, мәжбүрлеп өндіру шаралары және шетелге шығуға шектеу қойылуы мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.
Комиетте атап өтілгендей, салық мүлік нысандарының құны мен оларға иелік ету мерзімінің негізінде есептеледі. Төлем сомалары көрсетілген хабарламалар жылжымайтын мүлік иелеріне шілде айында жіберілген, ал банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға push-хабарламалар жолданған.
«2025 жылғы 2 қазаннан бастап уақытында салық төлемеген тұлғаларға өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ оларға салық берешегі туралы хабарламалар жолданады. 14 қарашадан бастап 1 АЕК-тен жоғары берешек сомасы бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрықтары жіберіледі. Егер бес жұмыс күні ішінде қарыз өтелмесе, бұйрықтар аймақтық жеке сот орындаушыларының палаталарына атқаруға беріледі», – деп түсіндірді ведомство.
Комитетте атап өткендей, сот орындаушылары қарыз иелерінің банк шоттары мен мүлкіне тыйым салуға құқылы. Ал берешек 40 АЕК-тен асқан жағдайда, шетелге шығуға шектеу қойылады. Егер қарыз 20 АЕК-тен аз болса, автоматты өндіріп алу рәсімі қолданылады. Бұл жағдайда сот орындаушыларына сыйақы төлеу қарастырылмайды.
Азаматтарға e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы берешектің бар-жоғын алдын ала тексеріп, мәжбүрлеп өндіру рәсімі басталмай тұрып салықты төлеу ұсынылады.