570 мың теңгенің 170 мың теңгесі ғана алимент алушыға берілген
Талдықорған қаласында жеке сот орындаушысы заңсыз схема арқылы алимент төлемдерінің басым бөлігін өзіне аударып отырғаны әшкереленді. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алдымен ол алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттарға сәйкес қаулы шығарып, борышкерлердің жұмыс берушілеріне жолдаған. Жұмыс берушілерден ақша түскен соң, сот орындаушысы қаржының көп бөлігін өзіне қалдырып, аз ғана бөлігін алимент алушыларға жіберген.
Мәселен, бір жағдайда борышкердің жалақысынан өндіріп алу 2025 жылдың сәуірінен басталған. Сәуірден маусымға дейін жұмыс беруші сот орындаушысының шотына 570 мың теңгеден астам қаражат аударған. Оның тек 170 мың теңгесі ғана алимент алушыға беріліп, қалғаны жымқырылған.
Тексеру барысында сот орындаушысы осыған ұқсас тәсілді бірнеше рет қолданып, жалпы көлемі 2 млн теңгеден астам соманы қалтасына басқаны анықталды.
Аталған факті бойынша Талдықорған қаласының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабы («Өкілеттігін асыра пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.