Әлем чемпионы атанған боксшылар елге оралды: оларды жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды

Автор: Асыл Арман

Боксшылар Алматы мен Астанаға келді

Фото: Алматы әкімдігі

Әлем чемпионатында дүние жүзін мойындатып келген боксшыларды Астана мен Алматы әуежайларында жанкүйер қауым ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы әуежайында бұрымды боксшылар – Алуа Балқыбекованы, Аида Әбікееваны, Назым Қызайбайды, Елдана Тәліпованы және Виктория Графееваны жұртшылық ерекше ықыласпен күтіп алды.

Ал Астананың халықаралық әуежайында жанкүйер қауым ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайларды, Санжар Тәшкенбайды, Бекзат Нұрдәулетовті, Сабыржан Аққалықовты, Сағындық Тоғамбай мен бас бапкер Қайрат Сәтжановты құшақ жая қарсы алды.

«Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келе жатса да, бүгінге дейін аса ауыр салмақта бірде бір чемпион шықпапты. Сол атақ маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Бұйырса, алдағы уақытта тарихты одан әрі жаңғыртсам деген ойым бар. Париж Олимпиадасын сәтсіз өткіздім. Енді 2028 жылы сол кеткен есемді қайтарсам деп жүрмін. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр.

Ливерпульдегі әлем чемпионатына тоқталар болсам, финалдық жекпе-жегімнің алдында Қазақстан мен Өзбекстан 6 алтынмен теңесіп тұрған еді. Сол себепті соңғы секундқа дейін барымды салып, жеңісті жұлып алдым. Командалық есепте көш бастауымыз қазақ жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлағаны сөзсіз», – деді ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай.

Айта кетейік, 2023 жылы Ташкент төрінде Нұрбек Оралбай топ жарып еді. Енді егіз Оралбайлардың да еншісінде әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар.

«Жаһандық доданың алдында өткізген оқу-жаттығу жиынында жеке бапкеріммен негізгі қарсыластарымды зерттеп, арнайы тактика дайындадық. Сол кезде солақай боксшыларға ерекше көңіл аудардық. Дәл солай болды да», – дейді Санжар Тәшкенбай.

Айта кетерлігі, келесі әлем чемпионаты 2027 жылы Қазақстанда өтеді.