Алматыда «Сайран» автовокзалында ауқымды тексеріс жүріп жатыр

Автор: Мөлдір Қазыбай

Негізгі назар қалааралық және халықаралық бағыттарға аударылып отыр

Фото: Видеодан скрин

Алматыда «Сайран» автовокзалы аумағында жолаушылар тасымалдаушылардың қызметіне тексеріс басталды. Полицейлер «Құқықтық тәртіп» акциясы аясында ережелердің сақталуын және жолаушылардың қауіпсіздігін бақылауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Негізгі назар қалааралық және халықаралық бағыттарға аударылып отыр. Себебі осы бағыттарда жиі ереже бұзу деректері тіркеледі. Олардың қатарында:

  • жолаушыларды тасымалдау қағидаларын сақтамау,
  • рұқсатсыз көлік құралдарын қайта жабдықтау,
  • техникалық тексеруден өтпеген автобустарды пайдалану,
  • жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын бұзу бар.

«Жолаушылардың қауіпсіздігі – Алматы полициясының басты міндеті. Біз, әсіресе, қалааралық және халықаралық бағыттағы тасымалдаушыларға бақылауды күшейттік. Тасымалдау ережелерінің бұзылуы тек қолайсыздық тудырып қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тоқтату – басты мақсатымыз», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдібаев.

Қандай шаралар қабылдануда?

Рейд барысында полиция қызметкерлері тасымалдаушылардың, соның ішінде жеке микроавтобустардың қызметін тексеруде. Жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу деректері үнемі анықталып, әр факті бойынша заң аясында шара қолданылады.