Елордада TikTok арқылы қымбат телефондарды арзан бағада сатамын деген алаяқ ұсталды
Ол алдын ала төлем алған соң байланысын үзген

Астанада TikTok әлеуметтік желісі арқылы ұялы телефондар сатып, интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті соңғы үлгідегі iPhone смартфондары мен өзге де телефондарды нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған.
Сауда шарты ретінде ол алдын ала төлемді талап етіп, ақшаны алған соң сатып алушылармен байланысын үзіп, оларды бұғаттап отырған.
«Жалпы залал шамамен 30 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Полиция азаматтарды интернеттегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырады, әсіресе қымбат техниканы тым арзан бағаға ұсынған жағдайда. Тауарды қолыңызға алмай тұрып ақша жібермеңіз және әрдайым сатушының сенімділігін тексеріңіз. Күдік туындаған жағдайда дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз», - делінген хабарламада.