Астанада әйел адам пәтерінің балконында есірткі бөлшектеп отырған жерінен қолға түсті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Одан 160 түйіншек есірткі табылды

Фото: Астана ПД

Астанада полиция қызметкерлері 28 жастағы қала тұрғынының заңсыз әрекетінің жолын кесті. Күдіктінің есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іс-шара барысында оның пәтерінің балконында тыйым салынған заттарды пакеттерге салып отырғаны белгілі болды.

Тінту кезінде полиция қызметкерлері ақ түсті, кристалл тәрізді 160 түйіншекті тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат Альфа-PVP («скорость») болып шықты.

«Аталған факті бойынша есірткі заттарын сақтау және сату дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Елорда полициясы азаматтарға есірткі заттарын сақтау, сату және тарату үшін заңнамада қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды қырағы болуға және есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген дерек бойынша 102 нөміріне дереу хабар беруге шақырады», - делінген хабарламада.