Жамбыл облысында санаулы күнде төбелестен екінші оқушы көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Жазатайым оқиға дәретхананың ішінде болған

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында бірнеше күннің ішінде төбелестен тағы бір оқушы көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған мәліметке сүйенсек, жазатайым оқиға дәретхананың ішінде болған. 9-сыныптың оқушысына кеуде тұсынан соққы тиіп, сол жерде тіл тартпай кетті.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдап, мынандай жауап алды:

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті жасөспірімді анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

Қазіргі уақытта істі толық, объективті және жан-жақты тергеуге бағытталған барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеудің мүддесі үшін өзге деректер жария етілмейді», – делінген ПД хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Шу ауданының Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасындағы футбол матчы жанжалға ұласып, соңы төбелеспен аяқталды. Жанжал барысында 11-сынып оқушысы 10-сыныптағы қарсыласына кеуде тұсынан соққы жасаған. Зардап шеккен бала есінен танып қалған. Оны үйіне жеткізген соң, ата-анасы дәрігер шақырғанымен, жасөспірім жедел жәрдем келмей жатып көз жұмған.