Оның ісі сотта қаралып, кінәсі дәлелденді
Маңғыстау облыстық соты Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты істі қайта қарады. Апелляциялық алқа оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 78,6 мың теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік сотқа сілтеме жасап.
Осыған дейін Ақтаудағы әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттың істі тоқтату туралы шешімін Бас көлік прокуратурасы шағымданған болатын.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымның уәждерін негізді деп тапты.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 27 тамызда сағат 23:00-де Әбдіров Алматы-Астана бағыты бойынша КС-955 рейсіне жолаушыларды тасымалдаған автобус ішінде азаматтарға тиіскен және қоғамдық тәртіпті бұзған. Оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, әуежай мен полиция қызметкерлерінің актілері мен рапорттарымен дәлелденген.
«Қарау нәтижесінде алқа Ә. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылық жасаған деген қорытындыға келді. Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың қаулысы заңсыз әрі негізсіз деп танылып, күшін жойды. Өйткені алғашқы сот барлық дәлелдемені толық зерттемей, оларға тиісінше құқықтық баға бермеген», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.