Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Ол отбасы халқымыз үшін қасиетті ұғым екенін еске салды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — ұлтымызды мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау мен азаматтық жауапкершілік сияқты мызғымас құндылықтар аясында ұйыстыратын тамаша мереке. Отбасы — халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам, ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді», – деді Тоқаев.
Оның сөзінше, отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады.
«Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек. Жарық өмір сыйлаған ата-аналарымызға зор құрметпен қарау — қастерлі парыз. Әсіресе, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен әрбір үйді шуаққа бөлейтін аналардың орны ерекше. «Ана — Жер-Ана» — адамзат өркениетінің өзегі. Біз асқар тау әкелеріміздің табанды еңбегі мен ерен ерлігіне бас иіп, қадір тұтуымыз керек», – делінген құттықтауда.
Ол әр шаңырақта ырыс-ынтымақ болса, еліміз де қарқынды дамитынын айтты.
«Бұл — Әділетті және Қуатты Қазақстан құрудың аса маңызды шарты. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеп, ана мен бала құқығын қорғауға айрықша мән береді. Әр шаңырақ бақ-берекеге толсын! Барша отандастарымызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін», — делінген Президент құттықтауында.