Түркістанда мектеп оқушысын қағып кетті
Түркістанда жасөспірім жолды белгіленбеген жерден жүгіріп өтемін деп көлік астына түсті. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде оқиға сәті жарияланды. Онда жасөспірімнің жолдан жүгіріп өтпек болғаны көрінеді. Көліктердің бірі тоқтап, оны өткізіп жібермек болғанымен, артынан келе жатқан екінші көлік жоғары жылдамдықпен соғып өткен.
Жол-көлік оқиғасы Түркістан қаласындағы Қожанов көшесінде болған. Аталған жол бөлігінде жаяу жүргінші өткелі де, оны білдіретін белгілер де жоқ.
Оқиға орнына жедел жәрдем жетіп, зардап шеккен баланы көптеген жарақаттарымен ауруханаға жеткізді.
«Бала ауыр жағдайда түсті. Жағдайдың ауырлығы алған жарақаттарына байланысты. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, оң өзгерістер байқалады. Емдеу бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Полиция оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Құқық қорғаушылар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша мұқият болып, қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырады.