Істің мән-жайы белгілі болды
Алматы облысының Балқаш аудандық соты заңсыз алкоголь сату ісін қарау барысында полицейдің процессуалдық талаптарды сақтамағанын анықтап, жеке қаулы шығарды. Инспектор тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, Бақанас ауылында кешкі уақытта (сағат 23:10 шамасында) ер адам құрамында этил спирті 30%-дан асатын алкоголь өнімін сатқан. Сонымен қатар ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болып шықты.
Сот құқық бұзушының өз кінәсін толық мойындағанын, өкінгенін және айыппұл төлеуге дайын екенін ескерді. Жеке жағдайы, материалдық ахуалы назарға алынды. Нәтижесінде ол кінәлі деп танылып, 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар лицензиясының күші 1 айға тоқтатылды.
Істі қарау барысында материалды рәсімдеген Балқаш аудандық полиция бөлімінің инспекторы тарапынан заң талаптарын орындауда салғырттық жіберілгені белгілі болды. Ол өз міндетіне формалды түрде қарап, процессуалдық талаптарды сақтамаған.
Осыған байланысты сот жеке қаулы шығарып, Алматы облыстық полиция департаментіне жолдады. Нәтижесінде аталған полицейге тәртіптік жаза ретінде ескерту берілді.
Соттың қаулысы мен жеке қаулысы заңды күшіне енді.