Алматыда автобус парктері тексеріліп, заңбұзушылықтар анықталды
Алматы қаласында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Түрксіб аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция қызметкерлері екі автобус паркінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексерістің басты мақсаты – жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және қоғамдық көлік құралдарының техникалық жай-күйін қатаң бақылау. Сонымен қатар автопарктердің желіге шығуға дайындық деңгейі, рейс алдындағы медициналық тексерулердің сапасы және қызмет көрсету стандарттарының сақталуы қадағаланды.
Полиция қызметкерлері көліктердің техникалық жағдайын, жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық бақылаудан өтуін және қажетті құжаттардың бар-жоғын тексерді.
Тексеру барысында техникалық ақауы бар автобусты желіге шығарғаны үшін автопарк басшылығына қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ бір қоғамдық көлік айыппұл тұрағына қойылды.
«Профилактика жылы аясында біздің мақсатымыз – тек заңбұзушылықтарды анықтау емес, азаматтар үшін болуы мүмкін қауіп-қатердің алдын алу. Бұл шаралар тасымалдаушылардың тәртібін күшейтіп, қаладағы жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев.