Астанада 70-тен астам заңсыз қоқыс алаңы анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

100 мың тонна құрылыс қалдығы шығарылды

Фото: Астана әкімдігі

Астананың Нұра ауданында 70-тен астам заңсыз қоқыс алаңы анықталып, тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Нәтижесінде жыл басынан бері 100 мың тоннадан астам құрылыс қалдығы арнайы орындарға шығарылды.

Қоқыс көп жиналатын аймақтар

Аудандық әкімдік өкілі Бақдәулет Орынбасардың айтуынша, жүйелі мониторинг ай сайын жүргізіледі.

Ең жиі қоқыс тасталатын орындар – Хусейн бен Талал көшесі, Әйтеке би көшесі және Қорғалжын тас жолы маңы.

  • Заңсыз қоқыс шығаратындар қатарында тұрғындар да, кәсіпкерлер де бар.
  • Бұл қоқыс алаңдарының негізгі бөлігі құрылыс және тұрмыстық қалдықтардан тұрады.

Бақылау шаралары

Жиі қоқыс жиналатын аумақтарға 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, «ҚазТелекомның» дрондары қолданылады. Бұған қоса, iKomek 109 орталығы мен тұрғындардан келіп түскен хабарламалар да ескеріледі.

«Әрбір тазарту шарасынан кейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл орындар қайтадан қоқыс алаңына айналмауы үшін қосымша бақылау орнату мәселесі қарастырылады», – деді Бақдәулет Орынбасар.

Жауапсыздық үшін айыппұл қарастырылған

Әкімдік өкілінің сөзінше, биылдың өзінде экологиялық полиция 32 ұйымға заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берген. Егер талап орындалмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салынады.