Павлодарда прокуратура қызметкері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Автор: Алмас Ерсін

Қала тұрғынының арызы бойынша жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Павлодар облысы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік бөлімі өңірлік ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратура қызметкеріне қатысты тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Павлодар қаласы тұрғынының облыс прокуратурасының қызметкері жасаған алаяқтық фактісі бойынша арызына сәйкес жедел-тергеу іс шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жазылған Бас прокуратураның хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, Ақтау қалалық соты Алматы әуежайында ұсталған прокурор Ерболат Әбдіровке қатысты әкімшілік істі тоқтатты. Оның әрекетінен құқықбұзушылық белгілері табылған жоқ. Алайда Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуроры істі тоқтату туралы Ақтау қаласының мамандандырылған сотының шешіміне шағым түсірді. Енді осы сот актісінің заңдылығы мен апелляциялық шағымның дәлелдері Маңғыстау облыстық сотында белгіленген тәртіпте қаралады.

27 тамыз күні Алматы әуежайында Әбдіров екі жерлесімен танысқан. Алайда ұшаққа апаратын автобустың ішінде олардың арасында жанжал туындаған. Келесі күні әуежайдың желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған.