Ер адам пәтерінің кілтін жоғалтып алғандықтан бесінші қабаттағы үйіне шатыр арқылы түсуге әрекеттенген
Көкшетауда шақыртуға дер кезінде жеткен тәртіп сақшысы ер адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көкшетау қаласының полиция басқармасына Юбилейный көшесіндегі үйдің төбесінде ер адамның секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама түскен.
Шақыруға жедел жеткен «Әскер-3» автопатрулінің маршрутына бекітілген патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Азамат Албақов дереу әрекет етті. Ол шатырға көтеріліп, соңғы сәтте ер адамды ұстап қалып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Кейін анықталғандай, ер адам мас болған. Оның айтуынша ол пәтерінің кілтін жоғалтып алғандықтан бесінші қабаттағы үйіне шатыр арқылы түсуге әрекеттенген. Бұған дейін де осындай тәсілді қолданып көргенін мәлімдеді.
«Осындай шақыртулар кезінде бір ғана ой болады – ең бастысы адамды құтқару», – дейді Азамат Албақов.
Оның айтуынша мұндай сәттерде адамның тағдыры тәртіп сақшысының әрекетіне тікелей байланысты болуы мүмкін.
Оқиғадан кейін ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ол учаскелік инспекторға тапсырылды.
Полиция қызметкерлері тұрғын үйге мұндай жолмен кірудің аса қауіпті әрі заңға қайшы екенін ескертті. Егер кілт жоғалған жағдайда азаматтарға есікті қауіпсіз әрі заңды түрде ашуға көмектесетін арнайы қызметтерге жүгіну ұсынылады.