Бүгін ҰБТ-ны сәтті тапсырғанымен, тамызда грантынан айрылуы мүмкін – Ұлттық тестілеу орталығы

Автор: Azattyq Rýhy

Білім министрлігі тамыз айына дейін бейнежабалардың барлығын тексеріп шықпақ

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрлігі 2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталғаннан соң, тамыз айының соңына дейін тест өткен барлық аудиториядағы бейнежазбаларға бақылау жүргізеді. Егер бейнежазбада түлектердің тыйым салынған заттардың көмегімен жоғары балл жинағаны белгілі болса, олардың ұпайы жойылады, тіпті, грантынан да айырылуы мүмкін.

«Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең соңғы дәл нәтижесі тамыз айында нақты белгілі болады. Биылғы жаңа ережеге сәйкес,  25 тамызға дейін барлық тест өткен кабинеттердегі бейнетаспаларға автоматты құралдың көмегімен бақылау жасалады. Егер тестілеу кезінде түлектің тыйым салынған затты қолданғаны анықталса оның нәтижесі жойылады, сәйкесінше, егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болып үлгерсе, онда гранттың нәтижесі де жойылуы мүмкін», - деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан