«Ауыл аманаты»: Алматы облысында жоба аясында гүл шаруашылығы дамып келеді

Автор: Асыл Арман

Еңбекшіқазақ ауданында Зурдиновтар отбасы жеңілдетілген несиеге екі жылыжай салып, гүл шаруашылығын дамытып отыр

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Алматы облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына үлкен серпін беріп отыр. Бағдарлама аясында тұрғындар жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіп көзін ашуда. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында тұратын Гүлжахрам Зурдинова былтыр бағдарлама арқылы 25,8 миллион теңге несие алып, екі жылыжай салды. Олардың аумағы 240 және 300 шаршы метрді құрайды. Ал қыста газбен жылытылады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір жылыжайда қызғалдақ, петуния, хризантема, астра, барқытгүл сияқты ондаған түрлі гүл өсіріліп жатыр. Өнім Алматы қаласы мен аудан базарларына жеткізіледі, әлеуметтік желілер арқылы да сатылады.

«Бұрын банктен қымбат несие алып қиналатынбыз. Ал «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асқан «Ауыл аманаты» бізге үлкен мүмкіндік болды. Тәуекел еттік, қазір соған қуанамыз. Ісіміз жүріп кетті, сұраныс бар. Алғашқы қызғалдақтар гүлдегенде, бүкіл отбасымыз болып қуандық. Гүлді бұрыннан жақсы көреміз, ата-анамнан дарыған әдет қой. Енді сол әуестік табыс көзіне айналды. Енді үшінші жылыжай салсақ дейміз. Тіпті көршілер де келіп, гүл алып кетеді, кейде тегін беремін. Шелек көше-көшесі гүлге толса деймін», – дейді Гүлжахрам Зурдинова.

Жылыжай жұмысына бүкіл отбасы жұмылған. Балалары, келіндері, туыстары қолғабыс жасайды. Жылына үш маусымда гүл жинайды. Ал нағыз науқан кезінде сырттан жұмысшыларды жалдайды.

Айта кету керек, облыста «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан бері жүзеге асуда. Өткен жылы өңірде кәсіпкерлерге 8,3 млрд теңге бөлініп, 1090 жоба іске асты. Соның ішінде Еңбекшіқазақ ауданында 33 жоба қаржыландырылды.