Шымкентте ер адам 5-қабаттан құлап кетті: дәрігерлер оған күрделі 5 ота жасады

Автор: Асыл Арман

Алғашқы тексеру нәтижесінде оған бірнеше ауыр диагноз қойылды

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласының тұрғыны 5-қабаттан құлап кеткен. Оқыс оқиға салдарынан 26 жастағы азамат жедел жәрдеммен ауыр халде, ес-түссіз  қаладағы ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, алғашқы тексеру нәтижесінде оған бірнеше ауыр диагноз қойылды. Олар – бас-ми жарақаты (ашық жарақат, мидың соғылуы, сүйек сынуы), бет сүйектерінің көпбөлікті сынуы, кеуде қуысының жарақаты (өкпенің соғылуы, гидропневмоторакс), жамбас сүйектерінің сынуы,аяқ-қол сүйектерінің күрделі ашық сынықтары.

Шұғыл түрде нейрохирургия, хирургия және травматология бөлімдерінің жоғары білікті мамандары бірігіп, науқасқа бірнеше сағатқа созылған жедел ота жасады. Дәрігерлер асқан шеберлікпен сынған сүйектерді біртіндеп жинап, қайта қалпына келтірді. Операциялардың нәтижесінде азаматтың өміріне төнген қауіп сейілді.

«Жалпы, науқасқа 5 күрделі ота жасалды. Алғашқы төрт операциядан кейін ол бірнеше күн жансақтау бөлімінде комада жатып, бесінші күні есін жиған. Кейін сан сүйегіне соңғы күрделі ота жасалды.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, есін жиған, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйелерінің қызметі қалпына келтірілді. Алдағы уақытта азамат толық оңалуы үшін жоспарлы түрде әрі қарай ем қабылдайтын болады.

Шымкенттік дәрігерлердің кәсіби шеберлігі, үйлесімді командалық жұмысы және науқас өмірі үшін зор жауапкершілік танытуы оң нәтиже берді», – делінген Шымкент қаласы әкімдігінің агенттік тілшісіне берген пікірінде.