Балаларға арналған үйірмелер қаржысын жымқыру ісі бойынша үкім шықты
Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті «Damu Bala» платформасы арқылы бөлінген мемлекеттік қаржыны жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«SAMGAU өнер&спорт мектебі» ЖШС директоры жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында сабаққа қатыспаған балаларды үйірме қатысушысы ретінде көрсеткен, жалған есеп құжаттарын уәкілетті органға тапсырып отырған, тіпті кейбір балалар өздерінің бағдарламаға тіркелгенін мүлде білмеген.
Мысалы, Алматы облысында тұратын бала ешбір үйірмеге қатыспаса да, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген.
Мемлекетке келтірілген залал көлемі – 23 млн теңге. Күдікті бұл қаражатты толық өтеді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.