Жәбірленушілер кешірім бермеді, сотталушыны қатаң жазалауды, моральдық зиян өндіруді сұрады
Жамбыл облысында балаға зорлық жасаған ер адам 22 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше сотталушы К.-ға жас баланы зорлап, күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады, сондай-ақ күш қолданбай, жас балаға қатысты азғындық жасады деген айып тағылған.
«Сот 2011-2015 жылдар аралығында сотталушы Қордай ауылында өз үйінде, үйде басқа адамдар болмаған кезде 2003 жылы туған (жиені) көмелетке толмаған жәбірленуші Д.-ны бірнеше рет зорлағанын, сондай-ақ жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағанын анықтады. 2024 жылдың қараша айында сотталушы Қордай ауылында жәбірленуші Д.-ның үйінде басқа адамдардың жоқтығын пайдаланып, оны бірнеше рет зорлаған», - деп жазылған хабарламада.
Ал 2018 жылдың мамырынан тамызына дейін сотталушы Қордай ауылында өз үйінде бола отырып, 2005 жылы туған жас жәбірленушіге (туысы емес) қатысты күш қолданбай бірнеше рет азғындық әрекет жасаған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
«Жәбірленушілер кешірім бермеді, сотталушыны қатаң жазалауды, моральдық зиян өндіруді сұрады. Сотталушы кінәні толығымен мойындамады», - дейді мамандар.
Сот үкімімен К. кінәлі деп танылды және оған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 22 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Жәбірленушілердің пайдасына сотталушыдан жалпы 13 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.