Ол сәлемдемесін алуға келгенде ұсталды
Алматыда Полиция департаментінің есірткі қылмысына күрес бөлімінің қызметкерлері «Қазпошта» өкілдерімен бірлесіп, психотроптық заттардың ірі партиясын алуға келген адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара барысында пошта сәлемдемесіне жасырылған, күшті әсер ететін препараттың шамамен 300 таблеткасы тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл препарат шетелге жөнелтуге арналған. Алушы – 31 жастағы жергілікті тұрғын.
ПД мәліметінше, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
«Алматы полициясы үшін есірткі айналымына қарсы күрес – басты басымдықтардың бірі. Біз жеткізу арналарын бұғаттап, профилактикалық шараларды белсенді түрде жүргізіп келеміз. Азаматтарды қырағы болуға және күмәнді жөнелтімдер мен ұсыныстар туралы ішкі істер органдарына «102» нөмірі арқылы хабарлауға шақырамын», – деді Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.