Жезқазғанда үйлену тойында жол ережесін бұзғандар көлігінен айырылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полиция қызметкерлері жедел шара қолданды

Фото: Видеодан скрин

Жезқазғанда полицейлер бейнебақылау камералары арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену кортежін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеодан бірнеше жүргізушінің жол ережелерін елемей, қауіпті маневр жасағаны, өзге көлік жүргізушілеріне және жаяу жүргіншілерге кедергі келтіргені көрінеді.

Полиция қызметкерлері жедел шара қолданып, төрт жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Олардың көліктері айып тұрағына қойылды.

Ведомство өкілдері мерекелік кортеждерде жолды бөгеп қоюға, дыбыс сигналдарын заңсыз пайдалануға және қауіпті маневр жасауға қатаң тыйым салынатынын еске салды. Мұндай әрекеттер заңға қайшы және жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Сондай-ақ полиция бейнебақылау жүйесі арқылы тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бақылап отырғанын, әрбір заңбұзушылықтың тіркеліп, қаралатынын атап өтті.