Түркістан облысында жас отбасы банкі жауып жатқан кезде қайғылы жағдай болды

Автор: Алмас Ерсін

Дәрігерлер ота кезінде баланың оң қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болған

Фото: Azattyq Rýhy

Түркістан облысында дәрігерлер 1 жасар баланың қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болды. Абайсызда оң қолын еттартқышқа салып алған бала есінен танып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек ауылында 7 қыркүйек күні болған. Дәрігерлер ойын баласының бір өлімнен аман қалғанын айтады. Көп қан жоғалтқан баланы облыстық балалар ауруханасына түске жақын жедел жәрдеммен ата-анасы жеткізген.

«Үйінде ата-анасы банкі жауып жатқан кезде бала қолын еттартқышқа тығып алып, шайнап кеткен. Толық көлемде. Күндізгі кезекшілік кезінде алып келді. Біз жедел түрде жан сақтау бөліміне жатқызып, ол жерде ота жасап, балаға көмек көрсеттік. Қолын төменгі білекке дейін шайнап кеткен. Саусақтары мен алақан сүйектерінің барлығын майдалап шайнап тастаған.  Қолын сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Жаңағы еттартқыш майдалап жіберген, қолы терісінде ғана ілініп тұрды», - деп атап өтті дәрігер-травматолог Ержан Шәріпов.

Дәрігерлердің айтуынша, бала жансақтау бөлімінен шығарылғанымен жағдайы қалыпты орташа ауыр. Ота кезінде баланың оң қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болған. Дәрігерлерге төтеншеліктер көмектескен. Әуелі мамандар баланың қолын еттартқыштан шығарып алған.

«Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері облыстық балалар клиникалық ауруханасында баланың қолын еттартқыштан босату бойынша бірегей операция жүргізді. 112 нөміріне бір жарым жасар баланың қолын электр еттартқышқа сұғып алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Дәрігерлер баланы өз күшімен босата алмаған соң, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Операция дәрігерлермен бірлесіп жүргізілді. Балаға наркоз берілгеннен кейін құтқарушылар апаттық-құтқару құралын пайдаланып, еттартқыштың корпусын мұқият кесіп, оның қолын босатты», - деп хабарлады Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір бала есін біледі, сөйлей алады. Оған ата-анасы қарап жатыр. Баласының жағдайынан есеңгіреп қалған ата-ана оқиға туралы қандай да бір пікір беруден бас тартты.