Семейде полицейлер есінен танып қалған екі жұмысшыны аман алып қалды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ

Фото: Polisia.kz

Семейде полицейлер төтенше жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаладағы ғимараттардың бірінің жанында ЖЭС-тің үш қызметкері кәріз құдығына түскен. Алайда екеуі есінен танып қалған. Алғашқылардың бірі болып көмекке ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейлері — Аслан Кәкенов, Ерзат Баймулаев, Әйгерім Мұхтарбекова және Тұрсынбек Айтқазы жетті.

«Аслан Кәкенов дереу саты әкеліп, жұмысшылардың бірін сыртқа шығуына жағдай жасады. Әйгерім Мұхтарбекова жедел жәрдем шақырды», - дейді тәртіп сақшылары.

Ал нағыз ерлікке Ерзат Баймулаев барды. Қауіпке қарамастан, ол противогаз киіп, өзін арқанмен байлап, кәрізге түсті. Жоғарыда әріптестері Кәкенов пен Айтқазы сақтық жасап тұрды.

Бірлесе әрекет етудің арқасында есінен танып қалған екі жұмысшы сыртқа шығарылды. Араға көп уақыт салмай дәрігерлер де жетіп, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.

«Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өз өмірін қатерге тігіп, үлкен психологиялық салмақты бастан өткергеніне қарамастан, мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлері міндетін әрі қарай жалғастырды», - деп жазылған хабарламада.