Баланың қорғалу құқығын жоққа шығаратын немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген мәлімдеме заңға ғана емес, қоғамның адамгершілік қағидаттарына да қайшы
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті атышулы блогердің жазбасына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогердің жазбасы әлеуметтік желіде тарап, үлкен резонанс тудырды.
«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде аутизм спектріндегі бұзылысы бар балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа шақыратын мәлімдеме таралды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде әрбір Қазақстан азаматына баланы кез келген қауіп пен зорлық-зомбылықтан қорғау, сондай-ақ барлық балалар құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету міндетін еске салады.
Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес әрбір баланың өмір сүру және толыққанды даму құқығы бар. Бұл құқықтар жынысына, тіліне, дініне, денсаулық жағдайына, этникалық немесе әлеуметтік тегіне және өзге де мән-жайларға қарамастан қорғалады», – дейді ведомство.
Комитет мәліметінше, баланың қорғалу құқығын жоққа шығаратын немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген мәлімдеме заңға ғана емес, қоғамның адамгершілік қағидаттарына да қайшы.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комитет балалардың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттің ерекше назарында екенін атап өтеді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті
Айта кетейік, осыған дейін желіде 80 мың оқырманы бар блогер Райхан Жұмамұратованың аутизмі бар балаларды өлтіру керектігі туралы жазған пікірі жарияланған.