Францияда солшылдар Макронды биліктен кетіру туралы резолюция енгізді

Автор: Аягөз Құрмаш

«Бағынбайтын Франция» президенттен жауапкершілік талап етті

Фото: facebook.com/elysee.fr/

Франциядағы ультра солшыл «Бағынбайтын Франция» (LFI) партиясы Ұлттық жиналысқа ел президенті Эммануэль Макронды қызметінен босату туралы резолюция жобасын енгізді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Le Figaro хабарлағандай, Фракция жетекшісі Матильда Паноның айтуынша, елдегі саяси дағдарысқа тек премьер-министр Франсуа Байру емес, президенттің өзі де жауапты.

«Байру үкіметі отставкаға кетті. Енді Эммануэль Макрон да кетуі тиіс, өйткені елдегі тұрақсыздық үшін басты жауапкершілік президенттің мойнында», – деді ол.

Құжатқа 86 депутат қол қойған. Олардың басым бөлігі  «Бағынбайтын Франция» партиясының өкілдері. Әзірге басқа ірі саяси күштердің бұл бастаманы қолдайтыны белгісіз.

Алдымен Ұлттық жиналыстың бюросы бұл бастаманы күн тәртібіне енгізу-енгізбеу туралы шешім қабылдайды. Кейін құжат заң комитетіне жолданады.

Егер комитет мақұлдаса, жоба 13 күн ішінде жиналыстың күн тәртібіне енуі тиіс. Оны қабылдау үшін депутаттардың кемінде үштен екісі қолдауы қажет. Осыдан соң мәселе Сенатқа жіберіледі.

Франция Конституциясының 68-бабына сәйкес, президент негізгі міндеттерін орындамаған жағдайда парламент оны қызметінен босата алады.

8 қыркүйекте Ұлттық жиналыс 364 дауыспен Франсуа Байрудың үкіметіне сенімсіздік білдірді. Депутаттар мемлекеттік қарызды азайту үшін ұсынылған қатаң үнемдеу шараларын қабылдамады.

Ал 9 қыркүйекте президент Эммануэль Макрон премьер-министрдің отставкасын қабылдады.