Элизабет Ланн қызметінің алғашқы күнінде осында жағдай орын алып, конференция кейінге шегерілді
Швецияның жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Элизабет Ланн баспасөз мәслихатында есінен танып қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға премьер-министр Ульф Кристерссон, энергетика және кәсіпкерлік министрі Эбба Буш және әлеуметтік істер министрі Якоб Форсмедпен бірге өткен үкіметтің кадрлық өзгерістеріне арналған жиын кезінде болды.
Министр трибунада сөз сөйлеп тұрған сәтте аяқ астынан әлсіреп, құлап кеткен. Ланн басымен трибунаға соғылып, есінен танып қалған соң, оны залдан шығарып әкеткен.
Бірнеше минуттан кейін министр қайта оралып, жағдайдың себебін түсіндірді. Оның айтуынша, қан құрамындағы қант деңгейінің күрт төмендеуі салдарынан өзін нашар сезінген. Баспасөз мәслихаты кейінге қалды.
Элизабет Ланн қалалық кеңестің мүшесі әрі «Христиан демократия» партиясының өкілі. Ол денсаулық сақтау министрі қызметіне сол күні тағайындалған болатын. Бұл өзгеріс алдыңғы министр Ако Анкарберг Юханссонның күтпеген отставкасынан кейін жасалды.