FlyArystan рейсінде жолаушы шу шығарып, компаниядан кешірім талап етті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Желіде резонанс тудырған видео жарияланды

Фото: Видеодан скрин

5 қыркүйекте Шымкент-Астана бағыты бойынша FlyArystan рейсінде түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Кадрда әйел адам әуе компаниясы қызметкерлерінен кешірім сұрауды талап етіп, даус көтергені байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Даудың басы қайдан шықты?

FlyArystan баспасөз қызметінің мәліметінше, екі жолаушы рейске кешіккен: олар тіркеу аяқталғаннан кейін, 01:59-да келген. Ал жолаушыларды қабылдау рәсімі 01:35-те жабылған.

Соған қарамастан, әуежай қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар жолаушы мен оның жолсерігіне түсіністікпен қарап, қол жүгін тасуға көмектесіп, ұшақ бортына дейін жеткізіп, сапарға жіберген.

Қызметкерлерге дөрекі мінез көрсеткен

Алайда жолаушыны алып жүрген әйел бірнеше рет әуе компаниясы қызметкерлеріне дөрекілік танытып, оларды балағаттаған. Тіпті ұшаққа отырғызу кезінде де дауыс көтеріп, персоналды телефонға түсірген.

Рейс тоқтатылған жоқ

FlyArystan өкілдері мәлімдегендей, мұндай жағдайда ережеге сай жолаушыларды рейстен шеттетуге толық негіз болған. Бірақ жолаушының жасы мен денсаулық жағдайын ескеріп, оларға ұшуға рұқсат берілді. Кейін әйел тынышталып, ұшаққа мінген.

Нәтижесінде екі жолаушы да өз рейстерімен межелі жерге жетті.