Астанада экс-күйеуі мен азаматтық некедегі күйеуін пышақтаған әйел адам сотталып тынды
Ол азаматтық некедегі күйеуінің мойнына пышақ сұғып алған

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматтық некедегі күйеуіне қасақана ауыр зиян келтіргені әйелді үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың мамыр айында әйел мен оның азаматтық жұбайы арасында қызғаныштан жанжал туындаған. Оның барысында ер адам оған балағат сөздер айтқаннан кейін әйелі мойын тұсына пышақ сұғып алған. Сараптама нәтижесі жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келгенін растады.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, оны өлтіру ниеті болмағанын айтты. Ал жәбірленуші ешқандай шағымы жоқ екенін және әйелді кешіргенін жеткізді.
Сот істе жеңілдететін мән-жайлардың анықталғанын атап өтті: сотталушының шын жүректен өкінуі және жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеті. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Жаза тағайындау барысында сот сотталушының бұған дейін азаматтық күйеуін өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, сондай-ақ жаңа қылмыстың бостандығын шектеу жазасын өтеу кезеңінде жасалғанын ескерді. Сонымен бірге сот жәбірленушінің сотталушыны қатаң жазаламауды сұраған ұстанымын назарға алды», – делінген үкімде.
Нәтижесінде әйел ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекет кірісіне процессуалдық шығындар өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.