Маңғыстауда мұнай-газ саласындағы лауазымды тұлғалар 250 млн теңге жымқырған
Сот үкімімен кінәлілер жазаланды

Маңғыстау облысында мұнай саласында миллиондап қаржы жымқырған үш адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Өткен жылы облыс прокуратурасы мұнай-газ кәсіпорындарында тексеру жүргізген. Оның нәтижесі бойынша «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде жабдықты қабылдау кезінде заң бұзушылықтар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Тергеу аясында 3 адам ұсталды, оның ішінде кәсіпорын мен мердігер компания басшылары да бар. Сот барлық тұлғаны кінәлі деп танып, әртүрлі жаза кесті», - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, кәсіпорын бас директорының орынбасары лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.
«Мердігер компанияның екі өкілі әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды», - дейді прокуратура.
Қылмыстық істі қарау барысында сотталғандар 250 млн теңге көлемінде шығынды өтеген. Үкім заңды күшіне енді.