Атырауда ата-ана мұғалімді алаяқтық жасады деп айыптады

Автор: Дәулет Ботагөз

 Мұғалімге қатысты даулы жағдай туындады

Фото: © istockphoto.com

Атыраудағы №37 мектепте мұғалімге қатысты даулы жағдай туындады. Оқушылардың ата-аналары педагогты қызметтік өкілетін пайдаланып, алаяқтық жасады деп айыптады. Олардың айтуынша, мұғалім балаларды грантқа түсіруге көмектесемін деп уәде беріп, оның орнына ақша мен әшекей бұйымдар талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Кімге балаларымызды сеніп тапсырамыз? Тәрбиесі мен біліміне үлгі болатын мұғалімнің өзі осылай істесе, мектепте не күтеміз?» – деді ата-аналар.

Құқық қорғау органдарының әрекеті

Жағдайға байланысты ата-аналар ресми шағым түсірген. Полиция бұл фактіні тіркеп, ҚР ҚК «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Іс бойынша кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Қоғамның талабы

Ата-аналар қауымдастығы педагогты жұмыстан шұғыл босатуды талап етіп, прокуратура мен білім басқармасының істі қатаң бақылауына алуды сұрайды. Егер айып дәлелденсе, кінәлі тұлғаны заң бойынша қатаң жазалау қажет екенін алға тартуда.

Білім басқармасының ұстанымы

Атырау облыстық білім басқармасы әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ. Қоғам назарында тұрған бұл даулы істің мән-жайы әлі де анықталуда.