Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға жалғасты
Zhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасында барлау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
«Бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттелінді», - дейді ғалымдар.
«Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіне жататын жерлеу орны да анықталды. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. мерзімделеді. Бұған қарап өңірде көне дәуірден бастап адамдардың қоныстанғанын байқауға болады», - дейді зерттеушілер.
Қазба жұмыстары өңірдегі Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды. Жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражайға өткізіледі.