Роза Әлқожа отбасылық қуанышын YouTube арқылы көпшілікке көрсететінін айтты
Бас қосқанымызға да 25 жылдың бедері, деп жазды әнші

Әнші Роза Әлқожа жұбайымен отасқанына 25 жыл толғанын, осыған орай күйеуі екеуі күміс тойын өткізуге шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отағасы Айдын Қаба 8 қыркүйекте 45 жасқа толады. Осыған орай ұл-қыздарымызбен ақылдастық. Жанашыр елді жинап, батасын алсақ деп отырмыз. Бас қосқанымызға да 25 жылдың бедері. Алда алтын тойға дейін ғұмыр бар, қызық-қуанышымыз көп болсын дейік! Біреуге құда, біреуге ата болған Айекең - қадірлі қария, абыз ақсақал болсын деп ниет еттік», - деп жазды Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол келе алмағандар тойды Roza Alkhoja деген YouTube арнадан тегін тамашалай алатынын атап өтті.
«Сілтемесін кейін саламыз», - дейді әнші.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын онлайн көруге тіркеу ашып, жұрттың сөзіне қалған еді.