$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік төрт апта қатарынан қымбаттаған жоқ

Апта ішінде көкөніс пен күріш, қант арзандады. Тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі баяулады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік төрт апта қатарынан қымбаттаған жоқ
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өспеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде айында – 11,8%). Баға өсімі әсіресе:

  • Қарағанды (14,4%),
  • Ұлытау (13,6%),
  • Ақмола (13%),
  • Атырау (12,8%),
  • Солтүстік Қазақстан (12,6%),
  • Ақтөбе (12,5%), Батыс Қазақстан (12,4%) облыстарында,
  • Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында байқалды.

«Инфляцияға ең көп әсер еткендер – ақылы қызметтер: коммуналдық қызметтер (+2,9%), көлік (+1,7%) және денсаулық сақтау саласы (+0,9%)», – деді Азамат Әмрин.

Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Сонымен қатар кейбір тауарлар арзандады. Мысалы:

  • тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%-ға,
  • газ плиталары – 6,3%-ға,
  • шыны бұйымдар мен ас үй құралдары – 0,1%-ға төмендеді.

Азық-түлік инфляциясы қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулап отыр.

«Тамыз айында ол небәрі 0,5%-ды құрады. Төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері алғаш рет олардың индексін 7,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», - деп жазылған үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясына импорт үлесі (азық-түлік құрылымында – 23–27%) айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту ұсынылды.

«Апта ішінде көкөніс пен күріш арзандап, қант бағасы төмендеді. Тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі баяулады. Бұл негізінен өндірушілермен жасалған бағаны тұрақты ұстау туралы келісімдердің нәтижесі»,– деді Бижанова.

Серіктес жаңалықтары