Жұмысшыларды сертификаттаудан бастап индустриялық аймақтарға дейін: Түркия тәжірибесі

Автор: Асыл Арман

Жұмысшы мамандықтарын сертификаттау аясында Үкіметпен бірлескен жобалық офис құрылды

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің Түркияға жасаған жұмыс сапары біліктілікті сертификаттау мен жұмысшы мамандықтардағы міндетті аттестациялау, кадрларды заманауи стандарттар бойынша даярлау, сондай-ақ индустриялық аймақтарды құру және дамыту тәжірибесін зерделеуге арналды. Сапар барысында Еуропалық одақта мойындалған әрі заманауи кәсіби біліктілік жүйесін қалыптастырған Mesleki Yeterlilik Kurumu (MYK) агенттігінің жұмысына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл Қазақстан үшін аса өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Бұл шешім техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге және қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттауға бағытталған.

Түркияда құрылыс, машина жасау, энергетика және көлік салаларындағы 200-ден астам мамандық үшін MYK сертификатын алу міндетті саналады. Ал Қазақстанда осындай жүйені енгізу – қауіпті және техникалық мамандық иелерін міндетті түрде сертификаттауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтереді.

Түркия еуропалық кәсіби біліктілік жүйесін пайдаланады, бұл дипломдардың халықаралық мойындалуын және мамандардың мобильділігін қамтамасыз етеді. Қазақстан ұлттық біліктілік шеңберін еуропалық жүйемен үйлестіргенімен, міндетті стандарттар тізбесін кеңейту және тәуелсіз сертификаттау орталықтарының желісін дамыту қажет.

Жұмысшы мамандықтарын сертификаттау аясында Үкіметпен бірлескен жобалық офис құрылып, онда міндетті сертификаттауды енгізу, орталықтарды аккредиттеу және мамандарды заманауи стандарттар бойынша даярлау мәселелерімен айналысады. Бұл – жұмысшы кәсіптердің беделін көтеруге және ел экономикасын дамытуға берік кадрлық негіз құруға бағытталған қадам.

Бағдарлама аясында делегация Ақшехирдегі өнеркәсіптік аймаққа және Түркияның ірі өндірістік орталықтарының бірі – Коньядағы индустриялық аймақтарға барды. Мұнда тамақ өнеркәсібі, машина жасау, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасы және өзге де салалардағы кәсіпорындар шоғырланған. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін аса маңызды.  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі үлкен өңірлерде шағын индустриялық аймақтарды құру өнімді жергілікті жерде қайта өңдеуге, логистикалық шығындарды азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және егістіктен дайын өнімге дейінгі толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бастама «Ауыл аманаты» жобасының аясында айрықша маңызға ие. Өйткені жобаның негізгі міндеті – ауыл тұрғындарын қолдау, кооперацияны дамыту және өнімді өңдеуге тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру. Шағын индустриялық аймақтарды жобаға қосу фермерлердің, өңдеушілердің және жергілікті биліктің күш-жігерін біріктіріп, ауылдардың экономикалық әлеуетін арттыруға және халық табысын көбейтуге жол ашады.