Сотталғандар енді кітап оқу арқылы жаза мерзімін қысқарта алады: жаңа заң қабылданды

Автор: Асыл Арман

Өзбекстанда сотталғандардың жазасын қысқартатын жаңа норма енгізілді

Фото: istockphoto.com

Өзбекстанда қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару кодекстеріне түзетулер енгізілді. Олар түзелу жолына түскен сотталғандардың жаза мерзімін қысқартуды көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Сенат сайтына сілтеме жасап.

Жаңа заңға сәйкес, егер сотталғандар Республикалық руханият және ағартушылық орталығы бекіткен тізімдегі кітаптарды оқып, оқығанын растай алса, әр кітап үшін олардың жаза мерзімі үш күнге қысқартылуы мүмкін. Дегенмен жеңілдік жылына 30 күннен аспайды.

Бұл шара тек шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға үміткер сотталғандарға қолданылады. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қолданылмайды.

Сенаттың мәліметінше, жаңа өзгерістер жазаны орындау мекемелерінде отырған 13,5 мыңнан астам адамға қатысты болуы ықтимал.

«Рухани-адамгершілік құндылықтарды дұрыс қалыптастыруға бағытталған әдебиеттерді оқу сотталғандардың түзелуіне және олардың қоғамға толыққанды өмірге оралуына ықпал етуі тиіс», – деп атап өтті заң шығарушы орган.