Ақтөбеде әжесі мен 9 жасар немересін көлік қағып кетті: қарт кісі тіл тартпай кетті (ВИДЕО)
Ақтөбеде жол апатынан 65 жастағы әйел қаза тауып, 9 жасар қыз жарақат алды
Ақтөбе облысында 65 жастағы зейнеткер әйел мен 9 жасар қызын көлік қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, оқиға 3 қыркүйек күні шамамен сағат 18:10-да «Әлия» базары маңындағы үстiңгi өткел жанында болды.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Lada-21901» автокөлігінің жүргізушісі Жұбанов көшесі бағытына қарай қозғалып келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерден жолды кесіп өтпек болған 65 жастағы әйел мен оның 9 жасар немересін қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Әйел алған жарақаттарынан көз жұмды.
Қыз бала облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, оның миы шайқалған, қазіргі таңда ем қабылдап жатыр.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды», – деп мәлімдеді полицейлер.