Зілзаладан кемінде 3640 адам жарақат алған
Ауғанстанда соңғы жылдардағы ең жойқын жер сілкінісі болды. Соңғы деректер бойынша, 2200 адам қаза тапты. Магнитудасы 6,0 болатын зілзала 31 тамыз күні елдің шығысында тіркелді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Құрбандардың басым бөлігі таулы Кунар провинциясында болды. «Талибан» үкіметінің мәліметінше, бұл өңірде 2205 адам көз жұмып, кемінде 3640 адам жарақат алған.
Сонымен қатар көршілес Нангархар және Лагман провинцияларында 12 адам қаза болып, жүздеген тұрғын зардап шеккен.
Бейсенбі күні іздестіру-құтқару жұмысы кезінде қираған үйлерден жүздеген мәйіт табылды. Үкімет өкілі хабарлағандай, құтқарушылар мен еріктілер әлі де үйінділерді тазалап жатыр.
Таулы Кунар провинциясының ең қатты зардап шеккен аудандарына шектеулі қолжетімділік құтқару және гуманитарлық жұмыстарды тежеп отыр: қайталанған афтершоктар салдарынан көшкін жүріп, онсыз да қауіпті жолдарды жауып тастаған.
Бірнеше ел Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізді. Қытай бейсенбі күні шамамен 7 миллион доллар көлемінде шұғыл көмек, соның ішінде шатыр, көрпе және азық-түлік беруге уәде етті.
Алайда қатты зардап шеккен ауданда жүздеген тұрғын әлі күнге дейін ашық аспан астында қалып отыр. Көптеген отбасы үйінді астынан алынған заттардың бөліктерімен ғана бас сауғалап отыр.