Алматы облысында Қапшағай су қоймасында іздестіру жұмыстары аяқталды
Бүгін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағының бортынан жағадан 5-6 шақырым қашықтықта су бетінде ер адамның денесі анықталды. Алматы облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қайықтың көмегімен денені жағаға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іздестіру жұмысы 31 тамыздағы оқиға болған сәттен бастап тәулік бойы үздіксіз жүргізілді. Жұмысқа тікұшақ, ұшқышсыз ұшу аппараты, «Эхолот» гидроакустикалық құрылғысы, сондай-ақ 17 құтқарушы, 3 техника және 4 жүзу құралы жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 31 тамыз күні сағат 15:00 шамасында 9-шы насос станциясының маңында екі ер адам отырған қайық аударылып кеткен. Олардың бірі жағаға өздігінен жүзіп шықса, екіншісі шамамен 400 метр қашықтықта із-түссіз жоғалған.
«Алғашқы сағаттардан бастап Алматы облысы ТЖД құтқарушылары ауқымды іздестіру жұмысын жүргізді: моторлы қайықтардың көмегімен 30 шақырымға жуық аумақ тексерілді, сүңгуірлер бірнеше мәрте су астына түсті, шамамен 15 шақырым жағалау сызығы қаралды және әуе мониторингі үшін ҰҰА қолданылды.
Алматы облысы ТЖД қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Құтқарушылар тағы да ескертеді: судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, тек жарамды жүзу құралдарын пайдаланыңыздар және міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіздер.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.