Астанада полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті
20-21 маусым күндері қосымша шектеу шараларының енгізілуіне байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті күзейту күшейтілді, кезекшілікке түскен полицейлердің саны артты. Бұдан бөлек, көшелерге патрульдеу жүргізіліп жатыр. Дауыс зорайтқыш арқылы полицейлер халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қазақ және орыс тілдеріндегі аудиожазбада келесі ақпарат бар:
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуін және коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткішінің артуын ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия биылғы 20-21 маусым, демалыс күндеріне, бірқатар қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылады. Қоғамдық көліктердің қызметі шектелі, қоғамдық демалыс орындары - парктер, саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылады».
Сонымен қатар полиция қызметкерлері фитнес-орталықтарының қызметі тоқтатылатынын, 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуы шектелетінін ескертеді.