Қазіргі таңда Алматы метросында 11 станция жұмыс істейді
Алматыда метроға мінетін жолаушы ағыны бойынша рекорд орнатылды, бір тәулікте жер асты көлігінің қызметін 117 мың адам пайдаланды. Бұл көрсеткіш – метрополитеннің тарихындағы ең жоғары деңгей деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2 қыркүйек күні метро арқылы 117 мың жолаушы тасымалданды. Бұл тәуліктік көрсеткіш метрополитен тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып есептеледі», – деп жазылған Алматы метросының ресми Instagram парақшасында.
Метро қызметкерлері жолаушылар санының өсуін жаңа оқу жылының басталуымен түсіндірді – қыркүйекте қалада мектеп оқушылары мен студенттердің қозғалысы күрт артқан.
Қазіргі таңда Алматы метросында 11 станция жұмыс істейді: «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «Мұхтар Әуезов атындағы театр», «Алатау», «Сайран», «Мәскеу», «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы».