Ол Парламент қабырғасында бизнесмендердің мәселесін көтерді
Қазақстанда артық талаптарды қысқартуға бағытталған «таза парақтан» реформасы жүзеге асырылғанымен, кәсіпкерлер шынайы жеңілдік көрмеген. Керісінше, рұқсат беру рәсімдері көбейіп, бизнеске түсетін қысым азаймай отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депатуты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы мәлім етті, деп хабарлайды елорда Azattyq Rýhy.
Ол сөз басында бизнес жүргізу жағдайын жақсарту мақсатында және президент тапсырмасына сәйкес Қазақстанда «таза парақтан» жаңа реттеу саясаты енгізілгенін, Үкіметтің мәліметінше, 10 мыңнан астам реттеуші талаптар жойылғанын қозғап өтті.
Алайда кәсіпкерлермен және кәсіби орта өкілдерімен өткен кездесулер көрсеткендей, бизнес қауымдастығы бұл «жеңілдіктерді» сезінген жоқ, керісінше, тәжірибеде реттеуші қысым азаюдың орнына жаңа кедергілер пайда болып отырғандай әсер қалдырады, дейді депутат.
«Регуляторлық ықпалға талдау (АРВ) рәсімі артық талаптарды алып тастауға арналған сүзгі ретіндегі құралы ретінде емес, жаңа талаптарды енгізуді ақтау құралы ретінде жиі қолданылып жүр. Нәтижесінде рұқсат беру және хабарламалық рәсімдердің саны артып келеді, сонымен бірге «бір талап енгізілсе, екеуі жойылады» қағидаты сақталмайды. Оның үстіне, жойылған нормалар жаңа талаптармен салыстырғанда салмағы жағынан тең емес, сондықтан бизнеске шынайы жеңілдік берілмейді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жаңа реттеуші құралды енгізу немесе реттеуді қатаңдату тек Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мақұлданғаннан кейін ғана мүмкін болады. Алайда бұл комиссияның тиімділігіне қатысты елеулі күмән бар. Тәжірибеде салалық министрліктердің ықпалы рәсімдер мен регламенттердің талаптарынан басым түседі. Соның салдарынан заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілер формалды келісімнен өтіп, алқалық бақылау тетіктері алдын ала дайындалған бастамаларды заңдастыру құралына айналуда.
Осылайша, Қазақстан кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін күрделі әрі болжап болмайтын юрисдикция болып қала беруде, бұл елдің көршілес мемлекеттермен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді», – дейді мәжілісмен.
Ол осы мәселені көтере отырып, мынадай ұсыныстарын да жеткізді:
«Құрметті Олжас Абайұлы! Шын мәнінде қолайлы әрі болжамды бизнес-климат құру – экономикалық өсімнің және кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін нығайтудың стратегиялық шарты болып саналады. Осыған байланысты жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет деп санаймын», – деп депутат сөзін қорытындылады.