Әйелдерді шетелге еңбекке пайдалану үшін әкету әрекеті тоқтатылды
Алматы қаласы прокуратурасы, ҰҚК департаменті, Интерпол және Қазақстанның Оман Сұлтандығындағы елшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қазақстандық азаматшаны шетелге заңсыз әкету әрекетіне жол берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында әйелдің ұзақ уақыт бойы «Ханифа» есімді шетелдік азаматпен байланыста болғаны анықталды. Ол бірнеше рет Таяу Шығыс елдеріне тиімді жұмысқа орналастыруды ұсынып, әйелді шетелге көшуге үгіттеген.
Әйел жақындарына айтпастан өз бетінше ұшып кеткен. Оман Сұлтандығының халықаралық әуежайына қонған сәтте, жүргізілген жедел іс-шаралар барысында ұсталып, сол күні Қазақстанға қайтарылды.
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар түскен жағдайда қырағылық танытып, ақпараттың дұрыстығын тексеруге шақырды. Әйтпесе олар алаяқтар мен адам саудасымен айналысушылардың құрбанына айналуы мүмкін.