Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ
Ақтөбедегі қалалық емхана ғимаратында әйел адам балалар офтальмологына қарай түкірген. Осы әрекеті үшін оған қомақты айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың мәліметіне сілтеме жасап.
Соттың хабарлауынша, істі қалалық №3 емханада болған оқиғаға байланысты қарады. Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сот әйелді «медициналық қызметкердің заңды қызметіне кедергі келтіру» бабы (ӘҚБтК 80-1-бабы, 2-бөлігі) бойынша кінәлі деп таныды.
«2025 жылдың наурыз айында азаматша №3 қалалық емхана ғимаратында балалар офтальмологына құрметсіздік танытып, қызметтік міндетін атқарып тұрған кезде оған қарата түкірген», – делінген сот қаулысында.
Аталған бап бойынша 30 айлық есептік көрсеткіш (30 АЕК) көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, дәрігерге құрметсіздік танытпағанын айтқан. Алайда сот оны кінәлі деп тауып, 117 960 теңге айыппұл салды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.