Полиция қызметкерлері оларды Астана қаласының әуежайына дейін жеткізді
Павлодар қаласының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған көрші елдің алты азаматын Қазақстаннан қуып шығарды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, тексеріс барысында шетелдіктердің қажетті құжаттарсыз ел аумағында жүргені белгілі болды. Бұл олардың көші-қон заңнамасын бұзғанын айғақтады.
Бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалып, соттың шешімімен шетелдіктер Қазақстан Республикасынан әкімшілік жолмен шығарылды. Сондай-ақ оларға елге кіруге шектеу қойылды.
Полиция қызметкерлері бұл азаматтарды Астана қаласының әуежайына дейін жеткізді.
Биыл жыл басынан бері Павлодар облысында көші-қон заңнамасын бұзған 124 шетелдік азамат елден шығарылды.