Қарағандыда балғамен жұртқа шабуыл жасаған ер адамның үстінен іс қозғалды
Ол көшеде тұрған көлікті де ұрып, бүлдіріп кеткен

Қарағанды көшелерінің бірінде қолына балға ұстап, адамдарға шабуыл жасаған ер адамның ісі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық іске ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды?
Облыстық соттың дерегінше, 2025 жылғы 13 тамызда ер адам Қарағанды қаласындағы Молокова көшесінде қолындағы балғамен өтіп бара жатқан адамдарға тап берген. Ол бейәдеп сөздер айтып, әйелдің автокөлігін әдейі бүлдірген. Сотта зардап шегуші ер адамның бөтен адамдарға шабуыл жасап, өзіне де өлтіремін деп қорқытқанын айтты.
Сот шешімі
Мамандандырылған ауданаралық сот ер адамның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу, қорқыту және бөтеннің мүлкін бүлдіру арқылы қылмыстық сипатқа ие екенін анықтады. Осыған байланысты оның үстінен қозғалған әкімшілік іс тоқтатылып, материалдар Қарағанды полициясына жолданады.
Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
Сот мәліметінше, ер адамның әрекеттері ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатады. Қазіргі таңда соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.