СҚО-да жол апатынан 2 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қайғылы оқиға 1 қыркүйек күні түскі уақытта болды

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында, республикалық маңызы бар Челябі – Новосібір автожолының 505-шақырымында, Қызылжар ауданына қарасты Краснознаменное ауылының маңында жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін түскі уақытта болды.

«1 қыркүйек күні сағат 13:25 шамасында Челябі – Новосібір республикалық автожолының 505-шақырымында, Краснознаменное ауылы маңында Chevrolet, Mazda және Lexus көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Апат салдарынан екі адам көз жұмды, тағы бес адам әртүрлі жарақат алды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, рөлде аса мұқият болуға және тәуекелді маневрлерден аулақ болуға шақырады.