Аяғын жарақаттаған ол ары қарай қозғала алмай қалған
Алматы облысындағы Іле Алатауы тауларында турист әйел аяғынан жарақат алып, құтқарушылардың көмегімен аман қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Советов шыңынан түсіп келе жатқан турист әйел аяғын жарақаттап, ары қарай қозғала алмай қалған. Құтқару қызметіне хабар түскен соң, арнайы топ бір сағат ішінде оны Герань алаңында тауып алған.
Құтқарушылардың айтуынша, жағдай уақтылы хабарланғанының арқасында зардап шегуші аман қалды.
«Әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел түрде таудан эвакуацияланды. Оның өміріне қауіп жоқ», – деді ТЖМ.
Оқиға орнының күрделілігіне қарамастан, құтқарушылар зардап шегушіні қауіпсіз жерге түсіру жұмыстарын сәтті аяқтаған.
Министрлік тауға шығатын азаматтарға қауіпсіздік шараларын ескеруді тағы бір мәрте еске салды:
«Тауда серуендеу – жеңіл іс емес, ол үлкен дайындық пен жауапкершілікті талап етеді. Өміріңізге қауіп төндірмеңіз!» – делінген ТЖМ хабарламасында.