$ 538.54  628.31  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ДСМ оқушылардың ата-аналарына маңызды ұсыныстар айтты

Мамандар баланы жаңа оқу жылының тәртібіне бейімдеу тек оқу құралдарын сатып алумен шектелмейді дейді

ДСМ оқушылардың ата-аналарына маңызды ұсыныстар айтты
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстандық дәрігерлер мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау үшін ата-аналарға маңызды ұсыныстар жасады. Мамандардың айтуынша, баланы жаңа оқу жылының тәртібіне бейімдеу тек оқу құралдарын сатып алумен шектелмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқушыларды мектеп режиміне қалай бейімдеу керек?

Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жазғы еркіндіктен оқу тәртібіне біртіндеп көшуі маңызды екенін атап өтті.

Мамандар кеңесі:

  • Баланы ұйқыдан ояту мен жатқызу уақытын тұрақтандыру;
  • Күн тәртібіне тамақтану, сабақ, демалыс пен ойын уақытын енгізу;
  • Ұйқы сапасына, дұрыс жарықтандырылған және ыңғайлы оқу орнына көңіл бөлу;
  • Гаджеттер мен теледидар алдында өткізетін уақытты шектеу.

«Мектеп режиміне қайта оралу жаздың соңынан басталғаны дұрыс. Бұл балалардағы стрессті азайтады әрі денсаулықты сақтауға көмектеседі», – дейді мамандар.

Күн тәртібінің негізгі элементтері

Дәрігерлердің айтуынша, дұрыс ұйымдастырылған күн режимі оқушылардың шаршауын азайтып, жүйке жүйесін нығайтады.

Күн тәртібінің негізгі бөліктері:

  • Оқу және үй тапсырмасын орындау;
  • Ашық ауадағы белсенді ойындар мен серуен;
  • Теңгерімді әрі уақытылы тамақтану;
  • Жасына сай толыққанды ұйқы;
  • Хобби мен қызығушылықтарға арналған еркін уақыт.

Үй тапсырмасына уақыт нормасы

  • Бастауыш сынып (1–2 сынып) – 1,5 сағаттан аспауы тиіс;
  • 3-4 сынып – 2 сағатқа дейін;
  • Жоғары сыныптар – күніне 3–4 сағатқа дейін, әр 40 минут сайын үзіліс жасау қажет.

Сонымен қатар баланың тәуліктік физикалық белсенділігі кемінде 2 сағат болуы тиіс. Бұл – таңғы жаттығуды және серуенді қоса алғанда.

Дұрыс тамақтану мен ұйқы

Мамандардың кеңесі бойынша, оқушылар күніне 4–5 рет тамақтануы керек, аралығы 3,5–4 сағаттан аспауы қажет. Ұйқының жеткілікті болуы оқу үлгерімі мен психологиялық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.

Гаджет пен экран алдында өткізетін уақыт

Дәрігерлер қазіргі балалардың экран алдында тым көп уақыт өткізетінін атап өтті.

Міндетті шектеулер:

  • Күнделікті ойын-сауық мақсатындағы экран уақытын 2 сағаттан асырмау;
  • Компьютермен жұмыс кезінде үзіліс жасау;
  • Ұйқыға жатар алдында 1 сағат бұрын барлық гаджеттерді өшіру;
  • Құрылғыларды жатын бөлмеге қоймау.

Сонымен қатар ата-аналарға «цифрлық ережелер» орнату және балаларға үлгі болу ұсынылады.

Халықаралық тәжірибе

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, 5–17 жас аралығындағы балалар күніне кемінде 60 минут белсенді қимыл-қозғалыспен айналысуы керек. Бұл жүрек-қантамыр жүйесін нығайтып, оқу қабілетін арттырады.

Серіктес жаңалықтары